Қазақстанның Сербиядағы төтенше және өкілетті елшісі Ғабит Сыздықбеков Сербия Республикасының Президенті Александр Вучичке сенім грамоталарын тапсырды.Бұл туралы Қазақстан Республикасы сыртқы саясат ведомствосының баспасөз қызметі хабарлайды.
Кездесу барысында Қазақстандық елшісі Сербия басшысына республикадағы әлеуметтік-экономикалық жағдай туралы әңгімеледі. Сонымен қатар, Александр Вучич Қазақстанды одан әрі реформалау және қазақстан қоғамын дамыту жөнінде Қазақстанның қабылдап жатқан шаралары туралы хабардар болды.
Қазақстан мен Сербия арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды дамыту туралы айта келе, тараптар экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның тиімділігін арттыру қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ, келіссөз аясында қазақстандық дипломат ЕАЭО мен Сербия арасындағы жоспарланған еркін сауда аймағы туралы келісімге қол қою, Қазақстан Республикасы мен Сербия Республикасы арасындағы екіжақты және көпжақты форматта сауда-экономикалық өзара іс-қимылды дамытуға ықпал ететінін атап өтті.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ақпараты бойынша, кездесуде мәдени-гуманитарлық саладағы өзара тиімді байланыстарды дамытуға, соның ішінде жоғары және кәсіби білім беру, сондай-ақ спорт және шығармашылық ұжымдардың сапарларын ұйымдастыруға қатысты мәселелер талқыланды.
Кездесу соңында Сербия Президенті Қазақстанмен екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін мәлімдеді және біздің елшімізге оның дипломатиялық миссиясында табыс тіледі.