Қазақстанның Эфиопиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Барлыбай Садықов осы елдің президенті Сахлеворк Зевдеге сенім грамоталарын тапсырды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында қазақстандық дипломат пен Эфиопия Президенті екі мемлекет арасындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға қатысты мәселелерге назар аударды.
Қарым-қатынастарды дамытудың перспективалы бағыттары туралы айта келе, тараптар Қазақстан мен Эфиопия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту қажет деген ортақ пікірге келді.
Сонымен қатар, екі жақты кездесу аясында Эфиопия басшысы Президент Тоқаевтың жолдауының негізгі аспектілері мен Республиканың ішкі және сыртқы саясатының басым бағыттары туралы хабардар етілді.
Кездесу соңында Эфиопия Президенті елшілікке оның дипломатиялық миссиясында табыс тілеп, барлық салаларда Қазақстан Республикасымен екіжақты ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін мәлімдеді.