Беларусь Республикасында президенттік сайлау басталды, осыған байланысты біздің елімізде жүрген Беларусь азаматтары дауыс беруге қатыса алу үшін Нұр-Сұлтанда сайлау учаскесі ашылды, деп хабарлайды “ҚазТАГ” ақпараттық ресурсы.
Беларусьтің дипломатиялық өкілдігінің ақпараты бойынша, дауыс беру учаскесі Р.Қошқарбаев даңғылы, 9-да орналасқан. Ол Нұр-Сұлтан уақытымен 8:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді.
Беларусь президенті лауазымына Александр Лукашенкодан басқа Андрей Дмитриев, Анна Канопацкая, Светлана Тихановская және Сергей Черечень үміткер.
Бұған дейін Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы біздің еліміз Беларусь Республикасындағы президенттік сайлауға өз бақылаушыларын жіберетінін айтқан.
Қазақстан Ортсайлаукомының қаулысына сәйкес, Беларусь президенті сайлауын бақылауға еліміздің бес бақылаушысы қатысады.