Кеше, 22 қаңтарда, ядролық қаруға тыйым салу туралы халықаралық шарт қолданыла бастады. Осыған байланысты Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосы мәлімдеме жасады.
Сыртқы істер министрлігі біздің еліміз бұл келісімнің күшіне енуін қолдайды, әлемде ядролық қаруды жою үшін басқа мемлекеттерді оған қосылуға шақырады деп мәлімдеді.
СІМ-де Қазақстан ядролық қарусыздану тұрғысынан әлемдегі төртінші ядролық арсенал иесінен көшбасшыға дейінгі жолдан өткен мемлекет ретінде антиядролық шарт жобасы бойынша келіссөздерге белсенді қатысқанын атап өтті.
Сондай-ақ, ведомствода ядролық қарусыз әлем құру жолындағы маңызды қадам болып табылатын бұл келісім Семей полигонының жабылғанына 30-жыл болғанда күшіне енгенін атап өтті.
Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа біздің ел 2018 жылғы наурызда қол қойды, ал 2019 жылғы шілдеде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оны ратификациялады.
Өткен жылдың қыркүйегінде БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші сессиясында Президент Тоқаев Қазақстан ядролық қарусыздану идеясын ұстанатынын мәлімдеді.
Сурет: ytro.ru