Ауыл шаруашылығы министрлігі ақтөбелік фермерлердің мәселесін назардан тыс қалдырмайтынын мәлімдеді. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
“Ауыл шаруашылығы министрлігі 12 желтоқсанда Достық үйінде ақтөбелік фермерлер көтерген мәселелерді ерекше бақылауға алды”, – делінген хабарламада.
Бұған дейін 70-ке жуық фермерлік шаруашылықтардың өкілдері Министрлікпен кездесу кезінде өз мәселелерін айтты. Шаруалардың негізгі мәселесі мал шаруашылығын дамытуға бағытталған субсидиялардың қарызын және инвестициялық шығындарды жабу болды.
Ведомствода атап өткендей, фермерлерге мемлекеттік қолдау көрсету бүгінгі таңда 292 миллиард теңгені құрайды. Сондай-ақ, аграршылар 15 басым бағыт бойынша әрекет ететін 47 субсидияны пайдалана алады.
Осыған байланысты Қазақстан Үкіметі фермерлердің өткен жылғы берешектерін және ағымдағы жылдың қосымша қажеттіліктерін 2019 жылдың соңына дейін жалпы сомасы 78 миллиард теңгеден астам сомаға, оның ішінде ет, сүт және жұмыртқа түрінде өндірілген өнім үшін 36,8 миллиард теңгені өтеуге шешім қабылдады. Сондай-ақ, Етті мал шаруашылығын дамыту жобасы бойынша сатып алынған мал үшін берешек пен 41,5 миллиард теңге көлемінде инвестициялық субсидиялар өтелетін болады.
“Аталмыш төлемдер аясында Ақтөбелік фермерлер мал шаруашылығы бағыты бойынша 3,6 миллиард теңге және берілген өтінімдерге сәйкес 840 миллион теңге инвестициялық субсидия алады.
Субсидиялар бойынша берешектерді толық өтеу туралы отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер БАҚ және жергілікті атқарушы органдардың аймақтық ауыл шаруашылығы басқармалары арқылы хабардар етілді”, – деп атап өтті ведомстводан.