Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Израиль Президенті Реувен Ривлинмен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Қазақстан президентінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаевпен болған әңгіме барысында Израиль президенті індетке қарсы әрекет, халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындау, сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау көрсетуге бағытталған біздің республикамызда қабылданып жатқан шараларды қадағалап отырғанын мәлімдеді.
Қазақстан басшысы өз кезегінде, қазір елдер коронавирусқа және оның зардаптарына қарсы тұру үшін бірігу қажеттігін атап өтті, сондықтан біздің республикамыз індетке қарсы тұруда өңірлік және халықаралық ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті.
Қазақстан мен Израиль арасындағы ынтымақтастықты жандандыру туралы айта келе, Реувен Ривлин біздің елмен экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін мәлімдеді.
Осыған байланысты Израиль президенті қазақстандық әріптесін осы жылдың күзінде өз еліне шақырды. Қасым-Жомарт Тоқаев шақыруды қабылдап, коронавирус салдарын жойғаннан кейін, Қазақстан-Израиль қарым-қатынастары қалпына келетініне сенім білдірді.
Сурет: inform.kz