Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында “ҚазАгро” компаниясы реформалануы тиіс деп мәлімдеді. Бұл туралы Қазақстан президентінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы компания басшылығы өз міндеттерін орындамайтынын, ал жобалардың көбі аяқталмай тоқтап қалатынын айтты.
“ҚазАгро” компаниясына қатысты шаралар қабылдау қажет. 2018 жылдың қорытындысы бойынша “ҚазАгро” жинаған шығын 120 млрд теңгені құрады. 672 қаржыландырылған жобалардың 270-і тоқтап тұр. Компания реформалануы тиіс. Шетелдік мамандарды тарту туралы ойлану керек”, – деді Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ұлттық компания мемлекетке шығын емес,пайда әкелуі тиіс.
Соңында Тоқаев Қазақстан Үкіметіне осы мәселе бойынша қажетті шаралар қабылдауды және екі ай ішінде оларды жария етуді тапсырды.