Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстан жөніндегі арнайы өкіл Талғат Қалиевпен кездесті, деп хабарлайды Қазақстан президентінің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстан жөніндегі арнайы өкілдіктің тиімді қызметінің маңыздылығына назар аударды.
Сонымен қатар, президент Тоқаев Ауғанстанда бейбітшілік орнату Орталық Азия аймағындағы қауіпсіздікті нығайтуға ықпал ететінін және біздің мемлекетіміздің ұлттық мүддесіне жауап беретінін мәлімдеді.
Қазақстан Республикасының басшысы қазіргі уақытта Ауғанстандағы жағдайды жіті қадағалап, осы елдегі ұлттық татулыққа жәрдемдесу қажеттігін атап өтті.
Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев Талғат Қалиевке бірқатар нақты тапсырмалар берді, оның бірі Ауғанстанды реттеуде басқа елдермен өзара әрекеттестікті нығайту.
Қазақстан Президенті бұл мәселе бойынша басқа мемлекеттермен өзара іс-әрекетті дамыту терроризм, экстремизм, заңсыз көші-қон және есірткі заттарының айналымымен күресу тұрғысынан өзекті болатынын атап өтті.
Сурет: Akorda.kz