Арыс тұрғындарына материалдық өтемақы ретінде 100 мың теңге алу үшін арнайы банк карточкалары беріле бастады. Карточкаларды 12 тамыздан бастап 55 мыңнан астам адам алады. Бүгінгі күннен бастап банк карточкалары қаланың 17 секторында және екі елді мекенде таратылады. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазір Арыс қаласына Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласынан “Халық банкінің” 120 қызметкері келді. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев карточкаларды қалай алуға болатынын түсіндірді.
Осы уақыт ішінде 33 мың банк картасы әзірленді. Бір ай ішінде сонша құжаттарды жинап, 33 мың карталарды дайындау еліміз егемендік алғаннан бері болмаған жай. Дайын карталар қазір таратылады. Бірақ әлі ақша аударылған жоқ, тұрғындар 100 мың теңгеден 12 тамыздан бастап алатын болады. Қазір басты жұмыс карточкаларды тарату. Ақша барлығына карточкалар таратылған соң түседі. 9-шы секторда 3 771 құжат жиналды, ең көп алушылар сол жерден. Қала көшелер санымен бөлінді”, – деді Аманбаев.
Қаражатты республика бойынша “Халық банкінің” кез келген банкоматынан алуға болады, бірақ банк комиссиясы шотқа ақшаның түсуін тексеру үшін карточка үш рет іске қосылғаннан кейін алынады.
Сот шешімі бойынша борышкерлердің карточкаларына банк автоматты түрде қызмет көрсетпейді, бірақ сенімхат нотариалды түрде куәландырылып, ақшаны туыстары немесе кепілгерлер арқылы алуға болады.
Қазір қалада 12 банкомат орнатылды және тағы да кем дегенде 7 банкомат орнату жоспарлануда.
Сурет: bishelp.kz