Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыс қаласындағы жағдайды қадағалайтынын мәлімдеді. Қала 17 сектор бойынша қалпына келтіріледі. Бұл туралы Түркістан облысының баспасөз қызметі жазды.
Арыс 17 секторға бөлініп, секторлардың әрқайсысы үшін қалалар мен аудандардың әкімдері жауап беретін болады. Олар жөндеу жұмыстарының барысын бақылайды.
Әрбір әкімнің қарамағында 40 білікті қызметкер болады. Олар жөндеу жұмыстарына көмек көрсетеді және Арыс тұрғындарын өз үйлеріне орналастырады. Бұл жұмыс ағымдағы аптаның соңында іске асырылады.
“17 әкімдікке 17 сектор бойынша Арысты қалпына келтіру бойынша тапсырмалар берілді. Әр ауданнан 10 бригада келеді, барлығы 1500 адам. Әкімдіктер өкілдері өз секторларын аралап, тиісті жұмыстар жүргізуде”, – деді Өмірзақ Шөкеев.