Алматы қаласының №4 емханасының емдеу жұмысы жөніндегі бас дәрігерінің орынбасары Зарина Алтынбекова брифинг өткізіп, коронавирусқа қарсы ресейлік “Спутник V” вакцинасымен вакциналау туралы өз пікірін айтты.
Алтынбекова өзі жұмыс істейтін медициналық мекеме вакциналауға дайын екенін, тек ресейлік препаратты күтіп отырғанын айтты. Оның айтуынша, емханада 460 қызметкер жұмыс істейді, оның ішінде 270 адам екпе жасауға ниет білдірген.
Сонымен қатар, бас дәрігердің орынбасары COVID-19-ға қарсы вакциналау ерікті және еліміздің әрбір азаматы одан жазбаша түрде бас тарта алатынын атап өтті.
Емханада вакциналау үшін барлық белгіленген санитарлық талаптарға сәйкес келетін екі егу кабинеті арнайы дайындалған. Вакциналау екі кезеңде жүргізіледі: алдымен пациентке 0,5 миллилитр дозада I компоненті, содан кейін 21-ші күні 0,5 миллилитр дозада II компонент егіледі.
Вакциналаудан өткеннен кейін, пациент 30 күн бойы дәрігерлердің бақылауында болуы керек.
“Спутник V” Гамалея ұлттық эпидемиология және микробиология ғылыми-зерттеу орталығында жасалды. Ресейдің тікелей инвестициялар қорының бас директоры Кирилл Дмитриевтің айтуынша, бұл вакцина коронавирустың штамдарына да, британдық мутациясына да нәтиже береді.
Сурет: ria.ru