Алматы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасимова үй карантиніне орналастырылды, деп хабарлайды “Қазақпарат”ақпараттық агенттігі.
Оңтүстік астананың бас санитарлық дәрігерінің орынбасары Әсел Қалықова тікелей басшысы Айзат Молдағасимова Германиядан Қазақстанға ұшқан рейстің бортында болғанын айтты.
Кейін ұшақтың бортында коронавирус жұқтырған адамдар анықталды. Осыған байланысты Айзат Молдағасимова жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылып, оның коронавирусқа қажетті анализдері алынды.
Коронавирусты талдаудың нәтижесі бойынша Алматының бас сандәрігерінде инфекция анықталған жоқ, сондықтан ол үй карантиніне орналастырылды, оның денсаулық жағдайын дәрігерлер телефон арқылы қадағалайтын болады.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, біздің республикада коронавирустық инфекцияның 6 жағдайы тіркелді. Бұл вирус Германия, Италия және Польшадан келген азаматтарда анықталды.